Шәкірт лебізі (Алғашқы ұстазым Күлшәй Құрамашева жайлы үзік сыр)

Адам есейген сайын алыста қалған балалық шағын қатты сағынады екен. Алаңсыз бақытты шақтың тәтті күндері жиі еске түседі. Бала арман, бала қиял, бала махаббат… Ойға оралған сайын еріксіз жымиясың. Барлығын тастап, балалық шақ әлеміне сапар шеккің келеді.

Рисунок1

Ұстаз бен шәкірт арасында да ұлы махаббат сезімі болады екен-ау… Күлшәй апай толықтау келген, қараторы, бойы ұзын, маңдайына қатар-қатар әжім із салып кеткен жан. Үлкен көзілдіріктің ар жағында үлкен көздері мейірім шуғағын шашып тұратын. Қап-қара қою қалың шашын жоғарыға түйіп қойған. Түйрегішінің астынан майда шаштары бұйраланып шығып тұрушы еді. Күлшәй апай менің де бұрқыраған «балапан» шаштарымды өзіне ұқсататын. Қазір шаштарына ақ түсіп, сәл қартайып калыпты. Ал, көздері күлімдеп тұрады, мейірімге толы көздері…

Ол кезден 15 жылдай уақыт өтті. Ал менің алғашқы ұстазыма деген сағынышым арта түсуде. Айтып тұрмын ғой, санамның барлығын сағыныш сезімі жаулап алған деп.

Бір қызығы, бастауышта сыныбымызда 19 қыз және 4 ұл ғана болды. Әр үйдің еркесі, өте пысық, сүп-сүйкімді қыздар жиналған. Барлығымыз бірдей «апайлағанда» ұстазымыздың көзі үлкейіп кететін. Бойымыз аласа, тіптен жазуымыз (почерк) да бірдей еді бәріміздің. Өзге мұғалімдер «шұрқыраған балапандар» деп күлетін. Сол 19-ымыздың 15-іміз үздік оқыдық. Ал, ұлдар қауымы момындау болатын. (Әрине, 19 қыз болса). Осындай қарқынмен біз бастауыш сыныпты 3-ақ жылда бітіріп шықтық. Осылайша «Күлшәй апайдың балапандары» жоғары сыныпқа жолдама алды.

Ең бірінші апаймен кездескен күн есімде ерекше сақталыпты. Қыркүйек айы бола қоймаған. 20 күндік дайындық кезінің бірінші күні. Мені атам жетектеп мектепке алып келді. Күлшәй апай жетектеп 1-қатардың 2-партасына отырғызды. Сол жер 7 жыл менің “орным” болды. Алғашында теміріне аяғым жетпейтін. Осыны айтып, сыныптастарым әлі күледі.

Сабақ аяқталғанда барлығы үйлеріне тарасты. Мені алып кететін атам әлі жоқ. Отыра қалып жыладым. Күлшәй апайым құшақтап әрең жұбатқан еді. Кабинетте тұрған түрлі ойыншықтармен ойнатып, екеуміз «үйшік» ойнағанбыз. Есімде… менің шаштарымды өріп берді.

Апай алғаш бізге орталық мешітке, Мыңбұлақтың бұлақтарына алып барды.Бауыржан Момышұлы музейіне, Жуалының табиғатына да сыныбымызбен экскурсия жасадық. Жаяу, саппен жүріп ән айтатынбыз.
«Отанның ұланы біз жаңа ел… Өзіңді жырлаймыз туған ел…» Осы әнді.

Апайдың ертегісін де тыңдадық. Қазақ ертегісін, Алдар көсе, Қожанасыр жайлы да. Сыныпта «Балдырған» журналы да толып тұратын. Апай ол кезде 50 лер шамасында еді. Қазір зейнетте. Барлығы да аяқталады дейді ғой. Ал естеліктер ешқашан. Нағыз ұстаз шәкіртінің сүйіспеншілігіне бөленген ұстаз. Мен екінші анамдай болған сүйікті ұстазым жайлы бір ауыз лебізімді жеткізгім келді.

Бір жолы «балапандар» жиналып апайға бардық. Біздің дәптерлеріміз, суреттеріміз, видео кассеталарымыз сақтаулы екен. Ұзақ отырып тамашаладық. Сол сәтте әрқайсымызыдң көзімізде сағыныштың көз жасы үйіріліп тұрды. Ол мектеп партасына деген, сүйікті апайымызға деген, балалық шаққа деген сағыныш деп түсіндім.

Рахмет сізге, Ұлы ұстаз, мейірімді жүзіңіз үшін, аялы алақаныңыз үшін, таусылмас өнегеңіз үшін…

Пікір қалдыру